Бас имамдар басқосуы электронды форматта өтіп жатыр

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы өкіл имамдары Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына есеп беріп жатыр. Бұл туралы muftyat.kz хабарлады.

Өңірлерден келген 19 өкіл имам 2013 жылы атқарған ізгі іс-шаралар мен жүзеге асырған игі жобалар жайлы баяндауда. Дәстүрлі есеп беру рәсімінде қоғамға қауіпті діни ағымдардың идеологиясына тосқауыл қою, шәкірт тәрбиелеу ісі, уағыз-насихат жұмысын жандандыру, қоғамға қажетті кітаптар мен бейнероликтер әзірлеу, діни сайттардың белсенділігін арттыру, елді имандылыққа үгіттеп, бірлік пен ынтымаққа ұйыту сынды бірқатар маңызды мәселелер талқыланып жатыр. Бас имамдар басқосуының биылғы ерекшелігі - электронды форматта (бейнеролик) өтуі. Кім не істеді? Бәрі бейнебаян және суретпен баяндалады. Бас мүфти бас имамдарды заман талабына сай жұмыс істеуге шақырды. «Біз үнтаспалар мен бейнероликтердің санын көбейтіп, оны барлық өңірге жеткізуіміз керек. Уағыз айтылмаған ауыл, аудан, діни ақпарат жетпеген адам қалмауы қажет. Халықты татулыққа шақыру, олардың діни сауатын жоғары деңгейге көтеруде сіз бен бізге артылған үміт, жүктелген жүк зор», - деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. «Жылдық жұмыс қорытылған жиында Астана қаласының бас имамы Наурызбай Өтпенов «Әзірет Сұлтан» мешітінде елімізде тұңғыш рет өткізілген онлайн дәрістің мәні мен маңызына тоқталды. Бір айда республика бойынша 97 мешіт онлайн жүйесіне қосылып, тікелей эфирде ұстаздардың дәрісін тыңдауда. Тікелей эфирде тілдесіп, толғандырған сауалына жауап алуда. Бұл игі жоба жалғаса бермек»,-делінген ҚМДБ мәліметінде. Бас мүфти жұмыс көрсеткіші орташа және төмен деңгейдегі облыс имамдарына қатаң ескерту жасап, бағыт-бағдар мен тиісті нұсқаулар берді. Қайырымдылық шараларды жиі ұйымдастыру қажеттігін қаперге салды.