Бас мүфти Қазақстан мұсылмандарын Рамазан айының басталуымен құттықтады

АЛМАТЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі исі мұсылман жұртшылықты қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

«Алдағы жұма, 20 шілде күні бүкіл әлем мұсылмандары қасиетті Рамазан айын қарсы алып, ауыз бекітеді. Солар секілді біздің отандастарымыз да осы қасиетті айда ауыз бекітеді. Биылғы жылғы Рамазан айы 30 күн. 20 шілдеден 18 тамызға дейін созылады, ал 19 тамыз - айт күні.  Жылда ораза 29 күн болатын. Ораза бұл мұсылман баласына парыз. Бәлиғат жасына жеткен адам ораза ұстауы керек», - деді Әбсаттар қажы.

Бас мүфтидің айтуынша, бұрын Қасиетті айды айдың тууы мен толуына қарай көзбен анықтайтын. Қазір Рамазан айын астрономдар анықтайды. Сондай-ақ Түркия сияқты елдердің Діни басқармасында арнайы бөлім жұмыс жасайды. Ай күнтізбесі бойынша бір жылда 354 күн болса, күн күнтізбесі бойынша 165 күн. Мұсылмандар діни жоралғыларды ай күнтізбесі бойынша орындайды.