деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құрбан айт оразадан соң 70 күннен кейін басталып, 3 күнге созылады. Қасиетті мерекеде 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес әрбір мұсылман баласының құрбандық шалуы - парыз.
Бас мүфтидің айтуынша, Құрбан айт қарашаның 27-і күні Алматы уақыты бойынша таңғы 8 сағат 30 минутта айт намазын оқудан басталады. Одан әрі құрбандық шалу рәсімін орындай беруге болады. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы шалынады. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Құрбандық еті үшке бөлініп, оның үштен бірі садақа етілуі қажет. «Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту - хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті», деді бас мүфти.
Қасиетті мереке кезінде Меккеде қажылықтың соңғы жоралары да атқарылады. Биыл Қазақстанға Сауд Арабиясы 4 мың орын бөлген. Қажылық парызын өтеп, Меккеде құрбандық шалуға ниет еткен отандастарымыз қарашаның 11-нен бастап аттануда. Биыл қажылықты ұйымдастырумен 20 туристік компания айналысты. Бас мүфтидің айтуынша, биыл қажылықтың дұрыс өтуі үшін бірқатар өзгерістер енгізілген. Қажылыққа барушылар доңыз тұмауына қарсы егіліп, жасы 65-тен асқандар мен аяғы ауыр әйелдердің баруына шектеу жасалған.