Бас мүфти Шымкентте жүр
Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметінен хабарлады
Аймақтарды аралап, өңірдегі діни ахуалмен танысып, шәкірт даярлау, кадр сапасын арттыру, тиісті тапсырмалар беруді күнгейден бастауының себебі бар. Өңірдегі дін қызметкерлері республикалық имамдардың үштен бірін қамтиды. ҚМДБ Сараптау комиссиясының имамдарды аттестациядан өткізуді осы Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асыруының мәні бөлек.
Ержан қажы Малғажыұлы ең әуелі шаһарда жаңадан бой көтерген бір мезетте 5 мың адамға қызмет ете алатын жаңа облыстық зәулім мешітке ат басын бұрды. Жуырда пайдалануға берілетін ғибадатхананың құрылысымен танысты. Алла үйін аралап шыққаннан соң Шымкент медресесінде ілім алып жатқан шәкірттермен жүздесті. Оңтүстік Қазақстан имамдарының білімін жетілдіру курсында діни дәріс тыңдаушы имам-молдалармен де емен-жарқын әңгімелесті.
Сондай-ақ Ержан қажы Маямеров, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиевтер облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болды. Өңір басшысы Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтай келе, өңірде мешіт жұмыстарына жіті көңіл бөлініп, имамдарға әкімдік тарапынан дер кезінде қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Ержан қажы Малғажыұлы басқосуда жұмыс жоспарларымен бөлісе келе, еліміздегі діни ахуалды оңалту бағытында атқарылар ауқымды жұмыстардың бірі - имам-молдалардың біліктілігін арттыру екенін тілге тиек етті.