Бас мүфти төрт тілшіге Ұмра қажылығына жолдама табыстады

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз күні мерекесі қарсаңында бас редакторлардың басын қосып, алқалы жиын өткізді. Оның барысында иман, иба, адамгершілік,ізгілік тақырыбында қалам тербеп жүрген тілшілер мен есімі елге белгілі қаламгерлер дәстүрімізбен бітеқайнасқан дінімізді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттаудың мәні мен маңызы, жолы мен жүйесі жайлы пікір алмасты.

Бас редакторлар басқосуында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы журналистерді ортақ мақсат, ізгі ниет жолында бірге қызмет етуге шақырды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Діни басқармадағы дөңгелек үстелге белгілі журналист-жазушылар, қаламгерлер - Жұмабек Кенжалин, Самат Ибраим, Жүсіпбек Қорғасбек, Марат Тоқашбаев, Қорғанбек Аманжолов, Ермахан Шайхыұлы, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Бекжан Әшірбаевтар, т.б. Қатысты. Зиялы қауым өкілдері діни басқарманың жұмысын баспасөз арқылы насихаттаудың тиімді жолдары туралы ойларын ортаға салды. Марат Тоқашбаев әріптестерін Исламды қаралау мақсатында жарияланған ақпараттарды сүзгіден өткізіп, түрлі «измдерден» аулақ болуға үндеді.

«БАҚ - Діни басқарма мен халықты жақындататын алтын көпір деп білемін. Олай дейтінім, елімізде он алты миллион адам болса, оларға бір мезетте айтқан сөзімізді жеткізетін телеарналар мен радиолар екені сөзсіз. Мұндай мүмкіншілік біздерге берген үлкен нығмет. Әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарттың: «Мен алты қатар әскерден емес, алты беттік газеттің идеологиясынан қорқамын», - деуі газеттің маңызды рөл атқаратынын айғақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың «Қазақ» газетін шығаруы да халықты ізгілікке, жақсылыққа шақырудан туған игі мақсат еді. Олай болса, баршаңызды елдің игілігі жолында бірлесе қызмет етуге шақырамын. Төл мерекелеріңіз құтты болсын. Алла тағала жұмыстарыңызға береке беріп, ізгі істеріңізді сауаптан жазғай!» - деді жүздесу барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Іс-шара барысында Бас мүфти имандылықты, ізгілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап жүрген белгілі қаламгер, дін жанашыры Нұрлытай Үркімбайға, «Қазақстан» телеарнасының тележүргізушісі Есболат Айдабосынға, «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Серікбол Хасанға, Алматы қаласы Орталық мешітінің www.azan.kz сайтының бас редакторы Талғат Балгерейге Ұмра қажылығының сертификатын табыстады.