Бас мүфтидің бірінші орынбасары тағайындалды

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың 22-23 желтоқсанында Алматы қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының кеңейтілген төралқасында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы ҚМДБ төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің бірінші орынбасары (наиб муфти) болып тағайындалды.

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Жолдыбайұлы Мысырдағы әлемге әйгілі «Әл-Азһар» ислам университетін толық тәмамдаған алғашқы қандасымыз. Ол өзінің шет елде алған діни жоғары ілімін халқымызға кеңінен насихаттап, асыл дініміздің көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Оның қаламынан туған «Ақиқат шуағы», «Күдікпен күрес», «Ислам ғылымхалы», «Дін мен Діл», «Имани гүл» сынды еңбектері оқырманның қызу сұранысына ие құнды кітаптар», - делінген баспасөз айғағында.

Бас мүфтидің бірінші орынбасары жаңа қызметін «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамдығымен қатар атқаратын болады.