Бас прокуратура 400-ден астам сайтты экстремизммен айыптап отыр»- республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 қазан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында елімізге ресми сапармен келген және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің І Саммитіне қатысу үшін келген Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиевпен кездесті. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Әріптестіктің әлеуеті зор» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, екі мемлекет басшыларының қатысуымен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің Бірлескен декларациясына қол қойылды. Мақаланы егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе, газеттің жұма күнгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Мұнай - жаһандық экономиканың қозғаушы күші. Уақыттың өзі дәлелдеген бұл тұжырымды бүкіл әлем әлдеқашан мойындаған. Қазақтың бағы үшін Табиғат-ана қасиетті жомарт даламызды қара алтыннан да кенде қалдырмапты. Міне, осы қазынамыздың арқасында біз өкпені қысқан өліара кезеңдердің қиындығына төтеп беріп, дүние жүзін тұралатқан кешегі жаһандық экономикалық және қаржы дағдарысынан да тақырланбай шықтық», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ел игілігі тұрғысынан» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, өкінішке орай, қазыналы жеріміздегі мұнай мен газ кеніштері жеткілікті болса да, ондағы мемлекет үлесі әлі де мардымсыз. Жалпы, мұнай-газ шикізатын өндірудегі мемлекетіміздің үлесі қазіргі таңда 27 пайыз деңгейінде ғана. Ал көмірсутегі шикізатын өндірудің басым әлеуеті шетелдік компаниялардың еншісінде қалып отыр.

***

«Бас прокуратура елімізде экстремизмге шақыратын, сондай-ақ террористік актілерді қолдауға бағытталған материалдар жариялаған 400-ден астам сайттарды анықтағанын айтады. Бұл туралы кеше журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Бас прокуратура 400-ден астам сайтты экстремизммен айыптар отыр» деген тақырыптағы мақаласында. Ресми өкілдің деректеріне сәйкес, прокуратураның 215 сайтқа қатысты талап-арызы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 11 сайтқа қатысты арызы сот қарауында жатыр. Сонымен қатар 100-ден астам сайт бойынша талап-арыз дайындалу үстінде.

2017 жылғы Дүниежүзілік 28-ші қысқы Универсиада Алматыда өте ме, жоқ па? Ауқымы мен маңыздылығы жағынан Олимпиадада ойындарынан кейінгі дүбірлі доданы маңғаз Алатау бөктерінде өткізуге қол жеткіземіз бе, жоқ па? Міне дәл осы сауалдарға «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген «Алматыда Универсиада өткізе аламыз ба?» деген мақалада жауап берілуге тырысылған.

***

Еліміздің жоғары оқу орындарына оқулық ауадай қажет. Осы олқылықтың орнын толтыруға қам жасап жүрген Үкімет оған арнайы қаржы бөліп, таяуда бірқатар оқулықтың тұсауы кесілді. Аталған жайтты арқау еткен «Айқын» газетінің жазуынша, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен техникалық, экономикалық бағыттарға арналған 72 оқулық таза қазақ тілінде жарық көрді. «Тұңғыш рет ел бюджетінен 130 базалық оқулықты шығару үшін 137,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл - жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз етуге деген алғашқы қадам», - дейді Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов. Мақала «Жетпіс екі оқулық жарық көрді» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев пен Әзірбайжан Республикасының көлік министрі Зия Мамедов Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиевтің елімізге ресми сапары аясында Қазақстан мен Әзірбайжан арасында теңіз сауда кеме қатынасы туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Аталған келісім теңіз көлігі саласындағы екі мемлекет арасындағы өзара ынтымақтастық құжатының негізін қалаушы болып табылады. Үкіметаралық келісімнің басты мақсаты - теңіз арқылы тасымалдаулар саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеу. Атап айтқанда, тараптар екі мемлекеттің айлақтарын тең пайдалану, кемелерді еркін өңдеу, тараптардың құзыретті органдары беретін ұқсас құжаттарды тану, екінші тараптың кемелерін құтқару кезінде көрсетілетін көмек өз кемелеріне көрсетілетін көмекпен бірдей болуын бекітті.