Бас прокуратура алқасы Елбасының тапсырмаларын іске асыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді

None
АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратура алқасының кезекті отырысы болды.

Онда облыс прокурорларының алдына 2011 жылғы 17 сәуірде Үкімет мүшелерінің, облыс әкімдерінің, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы және «Самұрық-Қазына» қоры басшыларының қатысуымен болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы берген тапсырмаларды іске асыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктелді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Алқа жұмысы барысында кері күші бар қылмыстық заңдарды шығаруға байланысты заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараған кезде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 453-ші бабын соттардың қолдануының қалыптасқан практикасы қаралды.

Прокурорлар соттардың жаза тағайындау, кінәлілердің әрекеттерін саралау, сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарында ұстау режимдерінің түрлерін айқындау кезінде қылмыстық заң нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты бұзушылықтарды айқындады.

Қазіргі таңда, Бас прокуратура сотталғандардың құқықтарын қорғауда сот қаулыларына 35 наразылық келтірді, олардың 11-і қаралды және қанағаттандырылды. Жоғарғы Сотқа заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізілді.

Облыс прокурорларына соттар ұсыныстарын қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан сотталғандардың құқықтарын бұзушылықтарға жол беруді жою тапсырылды.

Сондай-ақ алқада Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қоныс-колониясы қызметіндегі заңдылықтың жай-күйі мәселесі қаралды.

Прокурорлық тексерулер қоныс-колониялары қызметінің көпшілігінде бұзушылықтарды анықтады. Жазаның орындалуын төмен ұйымдастырудың және тиісінше ведомстволық бақылаудың болмауы салдарынан қоныс-колониялар қызметі қойылған мақсаттар мен міндеттерге толық жауап бермейді.

Әділет министрлігіне қоныс-колонияларының қызметін тиісінше ведомстволық бақылауды қамтамасыз ету, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың қоныс-колониясынан тыс жүріп-тұру құқығын беру фактілерін болдырмау ұсынылды.

Бас Прокурор аумақтық прокурорларға қоныс-колониялары қызметінде, сондай-ақ соттар үкімдердің орындалуына байланысты мәселелерді қараған кезде заңдылықты бұлжытпай орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Алқа жұмсына Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Сот, әділет, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері қатысты.