Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Бас прокуратура аталмыш мәселе бойынша тексеру жұмыстарын жалғастыруда. «Өкінішке орай, Денсаулық сақтау министрлігі осы уақытқа дейін тиісті құқықтық тұрғыдан қорытынды баға беруге қажетті материалдарды бермей отыр. Біз тексеру жұмыстарының барысында қосымша материалдар сұратқан болатынбыз. Оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің балалардың С гепатитін тіс аурулары емханасында жұқтырып алуы мүмкіндігі жөніндегі қорытындыларын растайтын материалдарды да сұратып отырмыз. Біз құқықтық баға беруге жеткілікті материалдар толық жиналғаннан кейін ғана нақты шешім шығара аламыз», деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, Бас прокуратура қалыптасқан жағдайды тексеру жұмыстарының барысында Денсаулық сақтау министрлігі берген материалдарды ғана емес, сонымен қатар жәбірленуші тараптың ұстанымдары мен соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарларды да назарға алады.