Бас прокуратура америкалық компанияның заңсыз әрекеттері туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин Қазақстандағы электр энергиясын өндіретін компаниялардың кейбір заңсыз әрекеттері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«6 жыл бойы 2015 жылға дейін «Инвестицияға тарифті ауыстыру» бағдарламасы күшінде болған еді. Оның мәні - мемлекет жоғары тарифті бекітеді де, монополистер өндіріске инвестиция салуға міндеттеледі. Осыдан келіп баға екі есеге өсіп кеткен. Тұтынушылардың 1 трлн теңгеге жуық қаражаты инвестицияланғанымен, тиімділік мониторингін ешкім жүргізбеген. Оның үстіне жұмыс істеп тұрған қуатты құралдардың ескіруі жоғары деңгейде қалып, оның көрсеткіші 54 пайыздан асып кеткен», - дейді Андрей Лукин Бас прокуратурада өткен коллегия отырысында.

Оның айтуынша, қуатты құралдардың жеке станцияларда тозуы төмендегенімен, еліміздің 30 пайызын бақылауында ұстайтын «Самұрық-Энерго» АҚ-та бұл көрсеткіш жоғарылай берген.

«2016 жылдан бастап энергия өндіретін ұйымдардың иелері инвестміндеттемелерден босатылды - бұл әлбетте, бағалардың төмендеуіне әкелуі керек еді. Алайда Энергетика министрлігі шығындарға талдау жасап, ойға қонымды тарифтерді енгізудің орнына тарифтердің деңгейін сол күйі қалдыра салған», - дейді спикер.

Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, кейбір субъекттер өзгелердің көп шығынының арқасында негізсіз кірістерге қол жеткізіп отырған.

«Мәселен, Жаңажол ГТЭС-те 1 киловатт-сағаттың өзіндік құны 5 теңге болса, Орал газқұбырлы элетростанцияда бұл баға екі есе қымбат болған. Ақыры, бұл топта шекті тариф 12 теңге болып бекітілген. Осы әрекет ақырында 15 кәсіпорынға халықтың арқасында кірістен тыс 38 млрд теңге табуға сеп болған. Тек ШҚО-дағы үш энергостанциясы бар америкалық бір ғана AES компаниясы шекарадан 22 млрд теңгенің үлеспайдасын (дивидендін) шығарған», - дейді Андрей Лукин.