Бас прокуратура балалардың «С» вирусты гепатитін жұқтыру фактілеріне тексеріс тағайындады

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАҚпарат - «Ана мен бала ұлттық орталығы» АҚ-ның балалар онкологиясы бөлімшесінде емделіп жатқан балалардан «С» вирусты гепатитінің анықталуына байланысты бірлескен тексеріс жүргізу туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өтінішіне байланысты Бас прокуратура сәйкес тексеріс тағайындады.

«Объективтілік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында тексеріске мемлекеттік органдардың, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық Кеңестің, кейбір үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылатын болады», делінген Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қазақстан Республикасы «Прокуратура туралы» Заңының 5-бабына сәйкес осындай тексерістер әдетте бір ай мерзімде жүргізілді, бірақ қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

Осы іс-шаралардың қорытындылары туралы жұртшылыққа қосымша хабарланатын болады.