Бас прокуратура еліміздің білім беру мекемелеріндегі көптеген кемшіліктердің бетін ашты

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Еліміздегі білім беру мекемелеріндегі ұстаздар мен өзге де қызметкерлерді және ата-аналарды жөндеу жұмыстарына тарту барысындағы еңбек заңнамаларының орындалуына талдау жүргізген Бас прокуратура бұл салада көптеген кемшіліктерді анықтады. Бұл мәселелер жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Оның айтуынша, еліміздің көптеген білім беру мекемелерінде өздерінің қызметкерлерінің күшімен атқаруға тыйым салынған жұмыстар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ көптеген мекемелер сол ұжым тарапынан ақылы түрде көрсетілетін қызметтерден түсетін қаржы мен бюджет қаржысы арқылы материалдық-техникалық базаны жабдықтау жөніндегі заңнамаларды да бұзып отыр.

«Мысалы Қостанай облысында орналасқан Мәметова, Глазуновская атындағы мектептердің басшылары мектепті ұжымның күшімен ағымдағы жөндеуден өткізу туралы заңсыз бұйрық шығарған. Мұндай заңсыздықтар Алмат қаласы мен Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында да орын алды», - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ ол сөзінде Павлодар қаласындағы 22 мектепте техникалық қызмет көрсететін қызметкерлерді сылау, сырлау, жөндеу сияқты олардың міндетіне жатпайтын жұмыстармен айналысуға мәжбүрлеген. Ал осы жұмыстар үшін еңбеккерлерге ешқандай да қосымша қаржы төленбеген.