Бас прокуратура интернетте суицидті насихаттау бойынша 3 қылмыстық іс қозғады

Фото: Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бас прокуратурасы өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген контентке қатысты бірнеше Telegram-арнаның әкімшілерін тексереді. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов айтты.

«Суицидті насихаттайтын шетелдік сайттар бойынша құқықтық көмек көрсету үшін халықаралық тапсырмалар жіберіледі. Тергеу барысында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы мәселені қарастырамыз», - дейді Бас прокурор Х желісінде. 

Б. Асылов қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, бірқатар сараптама тағайындайтынын да жазды.

«ҚР ІІМ-ге суицидтің барлық фактілерінде Қылмыстық кодекстің 313-1-бабы белгілерін тексеру тапсырылды. Тергеу барысын бақылауға алдым. Басқа да әлеуметтік желілерде ҚК-нің 313-1-бабы белгілерінің бар-жоғын тексереміз. Интернетте өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін прокуратура ҚК-нің 313-1-бабымен 3 қылмыстық іс қозғады. Тергеуді арнайы прокурорларға тапсырдым. Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген контентке қатысты бірнеше Telegram-арнаның қатысушылары мен әкімшілері тексеріледі», - деді ҚР Бас прокуроры.

Бұған дейін Бас прокурор балаларды суицид жасауға итермелейтін 15 мың сайт пен сілтеме бұғатталғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде балаларды қауіпті іс-әрекеттерге итермелейтін ойын тарап жатқанын жазған болатынбыз.