Бас прокуратура қазақстандық террористі суреттеп берді

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель Қазақстандағы лаңкестің портретін суреттеп берді.

«Бүгінгі таңдағы қазақстандық террорист деген кім? Бұған жауап беру үшін біздің статистикамызға сілтеме жасауды жөн көрдім. Мәселен, сотты болған лаңкестердің 60 пайызға жуығының жасы 29-ға толмағандар. Яғни, басқаша айтқанда бұлар кіл жастар. Сосын барлығы дерлік, нақтылап айтсам 95 пайызы - жұмыссыздар. Осылайша, Қазақстандағы террористің жинақталған портретін суреттеуге болады - бұл өмірде өз орнын тапқысы келетін және білімі жоқ, болашақтағы перспективалары да белгісіз жастар», - дейді Иоган Меркель.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда террористік қылмыс бойынша 148 адам сотталған, ал экстремистік белгілері бойынша қылмыстылар саны 160 адамды құраған.