Бас прокуратура қызметкерлері өзін-өзі өртеген әйелге қан тапсырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлері қадағалаушы органның елордадағы бас ғимараты алдында өзін-өзі өртеп жіберген әйелге қан тапсырмақ. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Бас прокуратурасы аппараты басшысының орынбасары Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Дәрігерлер Майра Рысманованың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Туған-туыстары мен дәрігерлердің айтуынша, оған қан құю қажет. Осыған орай  Бас прокуратура мен Астана қаласында орналасқан прокуратура органдарының қызметкерлері қан тапсырып, қол ұшын созып жатыр. Шамамен 60 адамнан донорлық қан қажет», - деді Нұрділдә Ораз.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 6 желтоқсаны күні күндізгі сағат 12-16-да ҚР Бас прокуратурасының бақылау-өткізу пунктінде 1968 жылы дүниеге келген Майра Рысманова өзін-өзі өртеп, қалалық ауруханаға жеткізілген болатын. Ол мұндай қадамға ұлы Е.Ахметовтің сотталуына келіспегендіктен барған еді. Оның ұлы Шу аудандық сотының үкімімен заңсыз есірткі заттарын сатқаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған.