«Соңғы кезде Интернет-сайттарда «Страсбургтегі Халықаралық соттың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына банк қаржысын ұрлауға қатысты қылмыстық іс бойынша өтетін Мұхтар Әблязовты және одан басқа алты адамды экстрадициялаудан бас тартуы» туралы ақпараттар таратылып отыр. Бас прокуратура бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Страсбургтегі адам құқықтары бойынша Еуропалық сотта М.Әблязовты экстрадициялауға қатысты қандай да бір істер қаралмаған. Яғни, аталған соттың осы мәселеге қатысты шешім шығаруы мүмкін емес.М.Әблязовтың сот төрелігінен Ұлыбритания аумағында жасырынып жүргені анық мәлім және аталған мемлекеттің құзыретті органдарымен оны экстрадициялауға қатысты шаралар қолданылмаған.
Осыған орай, қазіргі кезде адам құқықтары бойынша Еуропалық соттың М. Әблязовтың оны Қазақстанға экстрадициялау туралы шағымдарын қарауға құқықтық негіздері жоқ. Демек, Страсбургтегі соттың М.Әблязов пен оның әрекеттестерін Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартуы туралы кез келген ақпарат жалған және арандатушылық сипатты болып табылады және көпшілікті жаңылыстыруға бағытталған.
М.Әблязовтың және оның әрекеттестерінің үстінен «БТА Банк» АҚ-ның қаржысын аса ірі мөлшерде ұрлау фактілері бойынша Қазақстанда және басқа да бірқатар мемлекеттерде (Ресей, Украина, Қырғызстан) қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айта кету қажет.
Тергеу амалдары аяқталып, олардың кінәсі туралы дәлелдемелер жинақталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы М.Әблязов пен оның әрекеттестерін Қазақстанда және одан тысқары аумақтарда қылмыстық жауапкершілікке тартуға күш салады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.