Бас прокуратура мемлекетаралық іздеуде жүрген күдіктілерге қатысты түсінік берді

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев іздеуде жүрген күдіктілерге қатысты пікір айтты.

- Қазір бізде мемлекетаралық іздеуде 1,5 мың жуық адам бар. Олар бойынша тұрақты жұмыс жалғасып жатыр. Интерпол желісі арқылы олардың тұрғылықты жерін анықтаған бойда, оларды экстрадициялау іс-қимылдары атқарылады. Жалпы, экстрадиция процесі оңай емес, яғни тиісті уақыт керек. Әр елде лимидтер әртүрлі реттеледі. Ақпарат түскен кезде, бірден іздеу жариялаған орган тиісті материалдарды даярлады, - деді Ғалымжан Қойгелдиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде экстрадиция туралы келісімшарт жасалмаған елдерден де күдіктілерді Қазақстанға жеткізу жұмыстары іске асырылып жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.