Бас прокуратура полицияға халық сенімінің жоғалып бара жатқанына алаңдаулы

None
АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы полиция қызметкерлеріне халық сенімінің жоғалып бара жатқанына алаңдаулы.

Бұл туралы бүгін Астанада Бас прокурордың қатысуымен өткен ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім болды.

Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевтің айтуынша, былтырғы жылы қылмыстарды тіркеу көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Дегенмен, көрсеткіш ұлғайғанына қарамастан, қылмыстарды жасырып қалу әлі де сол қалпында жалғасып отыр.

«Тіпті істің насырға шапқаны сондай, кейбір облыстарда мүліктің жоғалғанына байланысты өтініштердің трафареттік үлгілерін дайындап қойып, кейін соған қол қоюға мәжбүрлеу жағдайлары да орын алған. Ағымдағы жылғы 18 наурызда Тараз қаласында полицияға қалта телефоны ұрланғаны туралы азаматша шағымданған. Оның шағымына полиция қызметкерлері құлақ та ілмеген, орнына жоғалту туралы мазмұнда жазылған ескі бір өтініштің трафаретті бланкісін ұсыныпты», - дейді Нұрмаханбет Исаев.

«Сонда полицияға мұндай өтініштер не үшін беріледі. Полиция қызметкерлері кімді алдағысы келеді және бұдан кейін халықтың сенімі туралы қандай әңгіме айтуға болады? Түсініксіз», - деп таңданды ол.

Жалпы, Бас прокурор орынбасары полицейлердің мұндай айла-шарғысын үш түрге бөліп қарастырады. «Өздерінің көрсеткіштерін жақсарту үшін олар қылмыстарды жасырып қалады, сонымен бір мезгілде оларды ойдан құрастырады, сондай-ақ қылмыс ашылу көрсеткішін желпілдетіп-жалаулатып көрсетуге тырысады. Осы үш бағытта да олар біраз «табысқа жетіп» те жатыр», - деді Н. Исаев.