Бас прокуратура референдумға қатысты сауалнама жүргізу тәртібін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы референдумға байланысты сауалнама жүргізу тәртібін түсіндірді.
— Мемлекет басшысының Жарлығына (2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 Жарлық) сәйкес 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындалды. Референдумға мынадай тұжырымдағы мәселе шығарылды: «Бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?»
Оны әзірлеу мен өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» және референдум туралы заңнамаға қайшы келмейтін бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңдарымен реттеледі.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 7-1-бабына сәйкес республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуге тиіс, — делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
— Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.
Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi, — делінген хабарлама.
Сондай-ақ сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағы).
Бұл талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
— Осы арада бүгінгі күні 4 бұзушылық анықталды, оның ішінде республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізудің 3 фактісі және сауал салудың қорытындыларын тиісті деректемелерсіз жариялау 1 фактісі.
2-і жағдайда сауалнамаларды жеке тұлғалар, ал басқа жағдайда — заңды тұлға Орталық референдум комиссиясының функцияларын жүзеге асыратын Орталық сайлау комиссиясыналдын ала хабардар етуінсіз жүргізген.
Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары екі азамат пен бір заңды тұлғаны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартты, оларға айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар бір баспа басылым иесі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 1-бөлігі бойынша қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін заңда көзделген міндетті деректемелерсіз жариялағаны үшін жауаптылыққа тартылды.
Конституцияға сәйкес (83-бап) прокуратура органдары референдум өткізудің барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етеді.
— Жоғарыда баяндалғанды ескеріп, Бас прокуратура азаматтарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға шақырады, — делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетелік Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойған еді.