Жоғары қадағалау органы болып табылатын прокуратура органдарының қызметі электоралдық кезеңде барлық сайлау процесіне қатысушылардың заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауларын, сайлау науқаны барысында азаматтардың сайлау құқығын бұзу фактілерінің жолын кесуді қамтамасыз етуге бағытталды.
«Электоралдық кезеңдегі қадағалау қызметінің нәтижелері Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлау Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы талаптарының сақталуымен өткізілгенін атап көрсетуге мүмкіндік береді», - делінген шолуда.
Ведомствоның атап өтуінше, азаматтар мен сайлау процесіне қатысушылардың сайлау құқықтарына қатысты актілер мен әрекеттерге мемлекеттік органдарға және де сот тәртібінде шағым келтіру құқықтары қамтамасыз етілді. Азаматтардың сайлау құқықтарының елеулі бұзылу фактілері анықталған жоқ.
Үкімет пен атқарушы органдар сайлауды қаржыландыру, сайлау алдындағы үгітке дайындық және дауыс беру бойынша сайлау заңнамасының талаптарын орындауға бағытталған шаралар қолданды.