Бас прокуратура шекарадан тысқа шығарылатын ақшаның заңды екенін растау үшін салық декларациясын көрсету туралы талаптардың күшін жоюды ұсынып отыр

АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Қазақстан шекарасынан тыс шығарылатын ақшаның заңды екенін растау үшін салық декларациясын көрсету туралы талаптардың күшін жоюды ұсынып отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпаратБас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұлғалар өзімен бірге он мың АҚШ долларының баламасынан асатын көлемдегі ақша алып шығатын кезде аталған құжатты көрсету талап етіледі.

Дегенмен, салық декларациясы ақшаның шығу көзінің заңдылығын толығымен көрсете алмайды, онда нақты салық кезеңіндегі алынған кіріс қана көрсетіледі.

Осының нәтижесінде жеке тұлғалар жеке жинақтары, қарызға алынған қаражат пен банктен алынған несие тәрізді заңды тәсілдермен тапқан ақшаларын шет елге заңды түрде алып шығу мүмкіндігінен айрылып отыр. Осылайша, тығырыққа тірелген азаматтарға ақшаны заңға қайшы тәсілдермен алып шығуға тырысатын құқық бұзушылық жасаудың алғышарттары жасалды.

Бас прокуратура мемлекеттен шет елге шығу барысында валютаны бақылаудың әлемдік тәсіліне сәйкес келетін ақшаны кедендік декларациялау жеткілікті деп есептейді.

Бас Прокурордың аталған ұсынысы еліміздің Премьер-Министрі тарапынан қолдау тапты және мүдделі мемлекеттік органдарға валюталық реттеу туралы заңнамаға сәйкес өзгертулер енгізу тапсырылды.