Бас прокуратура мас күйде көлік басқарған судьяны жауапқа тарту туралы Президентке ұсыным жолдады

Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратура Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 873-бабына сәйкес Мемлекет басшысының атына судья Досаева А.К.-ны мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға келісім беру туралы ұсыным жолдады.

Аталған мәселе «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңының 3-бабына сәйкес Жоғары Сот Кеңесінде қаралатын болады. 

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабының 2-тармағына сәйкес, «судьяны Президенттің Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген келісімінсіз, не Конституцияның 55-бабы 3) тармақшасында көзделген жағдайда Сенаттың келісімінсіз қамауға алуға, мәжбүрлеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазаларға тартуға, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды, бұл тек қылмыс орнында ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларға қолданылмайды, – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Бұған дейін Астанада мас күйінде көлік жүргізген судьяның ісі Бас прокуратураға жолданғанын жазғанбыз.