Аталмыш тексерулердің нәтижесімен бүгін журналистермен кездескен Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің айтуынша, тексеру шарасы барысында еліміздегі 400-ге жуық сумен байланысты нысандар қамтылған. Олардың көпшілігі белгіленген тәртіпті бұзып, қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Кемшіліктердің басым бөлігі судың деңгейін бақылап отыратын гидротіректер мен су өлшегіш құралдардың жоқтығымен байланысты. Сондай-ақ қоймаларға уақытында тексеру жүргізілмеген. «Тексеру барысында иесіз су қоймалары да табылды. Анықталған кемшіліктер бойынша прокурорлар тарапынан 50 ұсыныс жасалып, 5 ұйғарым орындалды. Су қоймаларын пайдалану ережелерін бұзғандары үшін әкімшілік құқықбұзушылықпен байланысты 17 іс қозғалды. Барлық иесіз су қоймалары құзырлы органдар тарапынан басшылыққа алынды. Бас прокуратураның тексеру жұмыстары бойынша үкіметке арнайы ұсыныс әзірленуде», деді ресми өкіл.