Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, тексеру барысында прокурорлар балалардың еңбек құқықтары бойынша халықаралық талаптардың орындалуына басты назарға алған. «Тексерулар барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мысалы, жұмыс берушілер балаларды жұмысқа еңбек келісімінсіз алып, міндетті медициналық тексеру нәтижелерін назардан тыс қалдырған. Сондай-ақ жасөспірімдерді түнгі мезгілде жұмысқа салып, оларды заңды рұқсат етілген мерзімнен көп уақыт жұмыс істеткізген. Бұған қоса балаларды қайыршылықпен айналысуға мәжбүр ету әрекеттері де тіркелді», деді ресми өкіл.
Мысал ретінде келтірілген мәліметтерге қарағанда, Ақтөбе қаласында Н.Молдабай, Н.Рахиева, Е.Кравец атты кәмелетке толмаған жасөспірімдер арнайы еңбек келісімі мен медициналық тексерулерсіз «Арцах» дәмханасында жұмыс істеген. «Ал Балқаш қаласында орналасқан «Берлога» дәмханасында 17 жасар Брускенко аптасына 50 сағаттан астам уақыт жұмыс істейтін болған. Заң жүзінде 16 мен18 жас аралығындағы жасөспірімдерді аптасына 36 сағаттан астам жұмысқа салуға болмайды», деді Н.Сүйіндіков.
Оның айтуынша, тексеру барысында тіпті кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын мемлекеттік мекеме өкілдерінің өздері жасөспірімдерді заңнан тыс жұмысқа салу әрекеттері анықталды. Мысалы кәсіптік білім беру мектебінің оқушысы Ж.Жанұзақовты полиция инспекторы екі жылға жуық жеке тұрғын үй құрылысының жұмысына салып жүрген. Осы уақытта аталмыш әрекет бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуда. Сондай-ақ Қарағанды облысының Осакаровка ауданына қарасты ауылдардың бірінде балаларды мал бағу үшін мектептегі оқудан босатқан. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында мектеп оқушылары сабаққа бармай мақта жинауға қатысқан. «Қорыта айтқанда, құзырлы органдар балалардың еңбек ету құқықтарына байланысты талаптардың орындалуын қадағаламайды. Сондай-ақ олар тарапынан жұмысты қажет ететін кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тізімі жасалмайды және олардың жұмыспен қамтылу жағдайы да назардан тыс қалған», деді Н.Сүйіндіков.