Бас прокуратура: тоғыз қазақстандық футболшы 110 миллион теңгеге бәс тіккені анықталды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясы мен футбол клубтарына қатысты жүргізген тексеру барысында букмекерлік кеңселерде келіссөздер өткізу және бәс тігу фактілерін анықтады. 

— Бас прокуратура Қазақстанның Футбол федерациясында жəне футбол клубтарында тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзуды анықтады, оның ішінде келісілген матчтар мен букмекерлік кеңселердегі бəс тігу фактілері де бар. Еңбек шартымен тыйым салынғанына қарамастан, футболшылар мен жаттықтырушылар букмекерлік ставкаларға қатысуы жалғасып келген, — делінген хабарламада.

Мəселен, Ақтөбе қаласында 9 футболшы жалпы сомасы 110 млн теңгеге бəс тіккен. 2025 жылдың 2 сәуірінде федерацияға заң бұзуды жою туралы ұсыныс берілді.

Оның қаралу нəтижесінде федерация тарапынан анықталған заң бұзуды жою жəне қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Жол картасы» əзірленді.

Жол картасында аудит, қаржы жəне əдеп жөніндегі комитеттерді құру, сондай-ақ қаржылық тəртіпті күшейтуге бағытталған 33 іс-шараны іске асыру көзделген. Сонымен қатар, федерацияның мəліметіне сəйкес тексеру қорытындысы бойынша бірқатар кадрлық шешім қабылданды. 

— Биыл 20 мамырдағы жағдай бойынша федерация əкімшілігінің басшысымен, басқарушы директормен, заң, операциялық жəне маркетинг департаменттерінің директорларымен, қауіпсіздік жəне интегрити қызметінің басшысымен еңбек шарттары бұзылды. Сондай-ақ, федерацияның бірқатар басшы қызметкері лауазымдарынан төмендетілді. Қазіргі уақытта Федерация заң бұзуды жою, қаржылық тəртіпті күшейту жəне футболды дамытудың жаңа мақсаттары мен міндеттеріне сай ұйымдық құрылымын оңтайландыру бойынша жұмысты жетілдіріп жатыр, — делінген хабарламада.

Айта кетелік мемлекеттік қызметшілердің бәс тігуіне және букмекерлерді жарнамалауға тыйым салынған еді.