Бас прокуратура Тоқмадиге қатысты бейнешағым бойынша тексеру жүргізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратура Д.Аимбетова-Тоқмадидің бейнешағымы бойынша тексеру жүргізді, деп хабарлайды қадағалау органының баспасөз қызметі .

«31 шілдеде ғаламторда Д.Аимбетова-Токмади күйеуі Мұратхан Тоқмадиға Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобының тарапынан азаптау көрсетілді деген бейнешағымы жарияланды. Аталған деректерді тексеру мақсатында Бас прокуратура жедел түрде тиісті шаралар қабылдады», - делінген хабарламада.

31 шілдеде Алматы қаласының ҰҚК департаментінің Тергеу изоляторынан прокуратураға М.Тоқмади таңертеңгі серуен барысында (серуендеу алаңында) турниктан құлағаны жайлы хабарлама келіп үскен.

Күдіктінің адвокаттарының қатысуымен сот-медициналық және химия-токсикологиялық сараптамалар жүргізілді. Нәтижесінде ағзада химиялық заттар табылған жоқ. Ал сот-медициналық сараптама қорытындысы денедегі жарақаттар жоғарыда көрсетілген жағдайда пайда болғанын көрсетті.

М.Тоқмадидің турниктан құлау фактісі іс материалдарына қоса тіркелген бейнебақылау камераларының жазбасымен де дәлелденді. Оның үстіне М.Тоқмадидің өзі де, басқа да тергеу изоляторында қамалғандар да дене жарақатының алыну жолын растады.

Процессуалды прокурор күдіктімен әңгімелесу барысында М.Тоқмадидің тарапынан ҰҚК-нің қызметкерлері үстіне қандай да бір шағым айтылған жоқ.

Д.Аимбетова-Токмадидің бейнешағымында көрсетілген деректер өз дәлелін таппаған соң, прокуратура осы факті бойынша тексеру амалдары аяқталды.

«Өз тарапынан Бас прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы арыз иесіне күдіктінің өз еркімен турникте жаттығу жасау кезінде құлап дене жарақатын алған фактіні растайтын видеожазбаны көрсетуге дайын», - делінген хабарламада.