«Түсік жасауға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Себебі, бұл қыз баланың денсаулығына зор қатер, ал қазір ол үшін ешкім жауап бермейді. Бұл норма Еуроодақтың Конвенциясында бар, оны біздің заңнамаға енгізсек», - деді Ж. Асанов. Бұдан басқа, Бас прокурор Неке және отбасы туралы кодекске де өзгерістер енгізуді ұсынады. «Өткен жылы Қазақстанда 149 мың неке тіркелсе, 53 мыңы бұзылған. Бұл - әрбір үшінші отбасы. Соттар өткен жылы 60 мыңдай дау қараған екен. Ол азаматтық істердің 15 пайызы. Не істеу керек? Біріншіден, үйленуге өтініш берген күннен бастап жастар арнайы тренингтен өтсе. Мақсат - екі жақты ересек өмірге дайындау, дауларды шешуге үйрету. Сауд Арабиясының өзі ажырасуларды азайту үшін осындай дайындық курстарын енгізбекші екен. Малайзия да солай істемекші. Екіншіден, үйленемін деген жастарға арнайы кітапша ұсынсақ. Мұнда ұлттық дәстүрдегі отбасы құндылықтарын сақтау, бір-біріне құрметпен қарап, туындаған дауларды ақылмен шешу жайы қамтылса», - деді Бас прокурор. Оның айтуынша, аталған кітапшада ажырасу статистикасы, екі жақтың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі, мүлікті бөлу тәртібі, күш қолданбау жөнінде ақыл-кеңестер жазылғаны жөн.
«Ұлттық комиссия бастамасымен кәсіби психологтарды, отбасы институтын зерттеуші ғалымдарды ұйымдастыра отырып, осындай кітапшаны халыққа түсінікті, қарапайым тілмен жазып шығуды ұсынамын. Ал, Бас прокуратура болса, бар ақпаратты беруге дайын. Үшіншіден, психолог-медиатор фигурасын енгізу. Ажырасамын дегендерге заң ойлануға бір-ақ ай уақыт береді. Осы жерде екі жақты бітімге шақыру үшін психологтың көмегі аса қажет», - деді Ж.Асанов.