Ведомствоның атап өтуінше, тексерістердің қорытындылары бойынша заттай айғақтарды жою және оларды өзге мемлекеттік органдарға беру барысында заңнаманың бұзылуы анықталды. Заттай айғақтардың жоғалу және ұрлану фактілері бойынша прокурорлар Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 17 қылмыстық іс қозғады.
Мысалы, Шымкент қаласында тексеру барысында Бас прокуратураның қызметкерлері 2007 жылы оқиға орнынан алынған қарудың жоғалу фактісін анықтады. Қару заттай айғақ ретінде танылып, қылмыстық іске қоса тіркелген болатын. Бірақ кейіннен ол тіркелмеген және белгіленген тәртіпте сақтауға өткізілмеген. Қаруды Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері ұрлап алған. Тексеріс барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақшалай сыйақыға анықталған бұзушылықты жасырып қалғылары келген. Олардың біреуін облыстық ҰҚК департаментінің қызметкерлері Бас прокуратура қызметкеріне пара бермек болған сәтте ұстады. Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеумен Бас прокуратура айналысуда.
Сондай-ақ ІІМ, ЭҚСЖКА, ҰҚК-ге заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларды жазалау мәселесін қоя отырып, ұсыныс енгізілді.