Бас прокуратура жанынан Құқық қорғау органдарының академиясы құрылады - И. Меркель

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы жанынан Құқық қорғау органдарының академиясы құрылмақ. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде заңгерлік қызметтерді реттеу мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» жиынында Бас прокурор орынбасары Иоган Меркель мәлімдеді.

«Прокурор қауымдастығы мәселесіне қатысты айтар болсақ, бүгінгі таңда Бас прокуратура жанынан Құқық қорғау органдарының академиясын құру туралы мәселе келісілу сатысында тұр. Аталған академия тұтастай құқық қорғау органдары саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлаумен айналысады. Ал дайындық негізінен Президенттік резервке қамтылғандардың барлығына қатысты болмақ», - деді Иоган Меркель.

Оның айтуынша, бұл аса салмақты мәселе, сондықтан осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Бас прокурор орынбасары дамыған елдердің тәжірибесін алға тарта отырып, заңгер мамандарды даярлауды тереңдете түсудің қажеттігіне тоқталды.