Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның алқа мәжілісі барысында Қылмыстық процестің барысында мамандандырылған мекемелерге орналастырылған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалау департаментінің бастығы Нұрғалым Әбдіров мәлім етті.
Оның атап өтуіне қарағанда, жүргізілген прокурорлық тексеру барысында ІІМ жүйесіндегі 217 уақытша оқшаулау изоляторының 23 жертөледе немесе жартылай жертөледе орналасқандығы анықталған. Бұл қылмыс жасағандар мен күдіктілердің қамалу жағдайларына қайшы келеді.
«Аталған 23 уақытша оқшаулау изоляторының бұдан ары жұмыс істеуі мүмкін еместігі айқын. Сондықтан ІІМ өкілдері тарапынан бұл қиындықтан шығудың нақты шаралары көрсетілген ұсыныстар күтілуде», - деп атап өткен Н.Әбдіров бұл тығырықтан шығудың жолдары ретінде күдіктілер мен айыпталушыларды Әділет министрлігіне қарасты тергеу изоляторларына орналастыруды ұсынды.
Сондай-ақ оның пікірінше, ІІМ аталған 23 изолятор орналасқан өңірлерде жаңадан ғимарат салу үшін бюджеттен қаржы бөлінуіне мұрындық болуы керек. Алайда оның атап өтуіне қарағанда, 2011-2013 жылдарға арналған Ішкі істер министрлігінің инвестициялық жобаларында құны 21,5 млрд. теңгені құрайтын, құрамында изоляторы бар 17 аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты ғана қарастырылған. Ал жоғарыда аталған проблемалы мекемелер назардан тыс қалып отыр.