Бас прокуратура жеткіншектердің топтасып төбелесуі белең алғанына алаңдаулы

Бас прокурор Берік Асылов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында жасөспірімдер арасында топтасып төбелесу белең алғанына алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото:freepik.com

«Кейінгі кезде жеткіншектердің түнде топтасып төбелесу фактілері жиілеп кетті. Өткен айда Ақтау қаласында 19 оқушы мен студент төбелесті. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 15 оқушының төбелесі екі адамның өлімімен аяқталды. Әрине, оның басты себебі – ата-ана тарапынан қажетті бақылаудың болмауы. Биыл түнгі уақытта көшеде жүргені үшін кәмелетке толмаған 86 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Бас прокурор.

Ведомство басшысының мәліметінше, Ақтауда жасөспірімдер төбелеске 4 күн бойы дайындалған.

«Полиция балалар арасындағы шынайы жағдайды жөнді білмейді. Ал білім беру орындарында тәуекел аймағындағы оқушыларды анықтау жұмысы дұрыс жолға қойылмаған», – деді Берік Асылов.