Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары құқық қорғау және арнайы органдарының 2009 жылы ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұрудағы өзара іс-қимылының жай-күйі талқыланды.
Оны өткізуге Бас прокуратураның Ішкі істер министрлігімен, Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе жүргізген тексеру қорытындылары негіз болды.
Ұйымдасқан қылмыспен күрес елдің құқық қорғау органдарының бірінші кезектегі міндеті екендігі және оның Бас прокурордың ерекше бақылауында тұрғандығы атап өтілді.
Бірлескен тексеру бірқатар кемшіліктерге қарамастан, құқық қорғау және арнайы органдар ұйымдасқан қылмыспен күресте белгілі бір нәтижелерге қол жеткізгені атап өтілді.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша сындарлы талқылау болды, ішкі істер органдарының және басқа да ведомстволардың қызметін жандандыра түсу жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Кеңестің қорытындысы бойынша, барлық құқық қорғау және арнайы органдардың ұйымдасқан қылмысқа қарсы тұру жөніндегі өзара іс-қимылын жақсартуға және жандандыра түсуге бағытталған шешім қабылданды.