Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Сайлау кезеңінде, дауыс беру күнін қоса алғанда (104) прокуратура органдарына 536 арыз-шағым түсті, олардың 64-і Парламент Мәжілісі, 472-сі - мәслихаттар сайлауына қатысты.
«Заң бұзушылықтар туралы ақпараттардың негізгі бөлігі тиісті тексерулер барысында өз дәлелін тапқан жоқ»,-деді ресми өкіл.
Заң бұзушылықтар туралы хабарламалар жекелеген жағдайларда ғана негізді және шынайы болып шықты. Әрбір осындай факт бойынша заңнамамен қарастырылған шаралар қолданылды.
«Талдау заңбұзушылықтар туралы арыз-шағымдардың басым бөлігі (60 немесе 11 %) прокуратураға Бақытжан Төреғожина басқаратын «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорынан түскенін көрсетті. Аталған арыз-шағымдар бір мезгілде интернет-сайтқа орналастырылып, «заңбұзушылықтар картасына» жинақталған. Дауыс беру күнінің соңында аталған интернет-картада сайлау заңнамасының бұзылуы туралы 300-ге жуық хабарлама орналастырылған. Қазірге біз олардың 296-сын тексердік», - деді Н. Сүйіндіков.
281 жағдайда (немесе 95 %) сайтта орналастырылған ақпарат дәлелденген жоқ, алайда сайт әкімшілері тиісті хабарламаларды орын алған заңбұзушылықтар ретінде ұсынған.
«Дей тұрғанымен, тексерулер сайтта жарияланған хабарламалардың басым бөлігі сенімсіз және жалған екендігін көрсетті», - деп түйіндеді ресми өкіл.