Бас прокурор азаптауларға тосқауыл қою жұмыстары жайында түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздегі колонияларда азаптауларға тосқауыл қою бағытында прокурорлар тиісті бақылау жүргізіп жатқаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Дархан Мыңбай елімізде азаптауларға жол бермеу бағытында қандай шаралар қабылданғанын сұрады.

Осы орайда Бас прокурор Берік Асылов арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне қатысты істі тергегенін айтты.

«Азаптау туралы қылмыстық істердің басым бөлігін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеді. Прокурорлар неғұрлым резонансты және адам өліміне қатысты істерді қамтыды. Арнайы прокурорлар полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 34 қызметкеріне қатысты істі тергеді. Алматы облысының полиция ғимаратында 24 адамды азаптау фактілері туралы істі сотқа жолдадық. Жалпы, біз қараған азаптау істері бойынша айыптаудан бас тартқан деректер болмады. Барлығын тергеп, сотқа жолдап отырмыз», - деді Б. Асылов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде еліміздегі колонияларда бейнебақылау жүйесі орнатылған. Осы жүйе арқылы прокурорлар тиісті бақылау жүргізе алады.

«Тергеу қалай жүріп жатқанын, сотталғандардың іс-қимылын көріп отырмыз», - деді Бас прокурор.

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаптауларға жол бермес үшін ведомство тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтты.

«Әр полиция қызметкерінде бейнебақылау жетоны бар. Сонымен қатар, біздің органдардағы ауқымды жұмыстар жайында алдағы уақытта депутаттарға толық баяндап береміз. Қазір жеке құрам азаптау секілді теріс әрекеттер полиция қызметіне сай емес деп санайды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас прокурор Б. Асылов қаңтардағы азаптаулар туралы шағымдар бойынша 329 қылмыстық іс қозғалғанын айтты.