Бас прокурор энергия саласындағы заң бұзушылықтарды атады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров коммуналдық тарифтер саласына жүргізілген тексерудің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Бас прокуратураның алқа отырысында Мемлекет басшысы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және табиғи монополиялар көрсететін қызметтердің ақысын өсірмеуге қатысты шаралар кешенін қабылдау тапсырылғаны атап өтілді.

«Сонымен қатар, Президент монополистердің қызметіне тиімді мониторинг жасауға әрі баға белгілеу кезінде ашықтықты қамтамасыз етуді талап етті. Тариф мәселесі халық үшін өте маңызды, себебі отбасылық бюджеттен коммуналдық шығындарға айтарлықтай қаржы жұмсалады», - деді Қожамжаров.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы бес жылда жылу энергиясына тарифтер 2 есеге, ал электр энергиясына үштен бір бөлікке өсті. Осыған байланысты Президент тапсырмасы бойынша Бас прокуратура ел аумағында ауқымды тексеру жүргізді.

«Бұл тұрғыда көптеген қаржылық бұзушылықтар анықталды. Монополистер тарапынан өзіндік шығындарын қасақана көтеру және 29 млрд теңге сомасында олардың күмәнді келісімдері белгілі болды», деді Бас прокурор.

Осы орайда ол тариф құрамында қызметкерлерге арналған бонустар мен сыйлықақылар негізсіз қамтылып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, шығыстарды арттыру мақсатында әдейі түрлі үлестес кәсіпорындар, оның ішінде жоғары бағамен жөндеу жұмыстарын жүргізуге әрі жабдықтар сатып алуға сервистік компаниялар құрылған.

«Бұдан кейін заңсыз алынған табыс тиісті компаниялар арқылы шығарылып отырған. Осы қолдан жасалған шығындар халықтың есебінен жабылды, ал монополистер мұндай әрекеттен тартынбастан, дәулет жинап келді. Қалыптасқан ахуалдың негізгі себептерінің бірі - ол тиісті мемлекеттік қадағалаудың болмауы. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі мен Энергетика министрлігі тарапынан бақылау шаралары айқын емес. Монополистер шығыстарын нақты анықтау бойынша өзара және салық органдарымен арада тиісті әрекеттердің келістілігі жоқ. Егер де үш жылда өкілетті органдар электр энергиясы бойынша тұтынушыларға 3,7 млрд теңге өтеп берсе, прокурорлар тек бір тексерудің кезінде сегіз есе сомаға артық заң бұзушылықтарды анықтады», - деді Қайрат Қожамжаров.

Осының алдында Қазақстанның кейбір өңірлерінде жылу беру тарифі өзгергендігі туралы жазылды.

Соңғы жаңалықтар