Бас прокурор Қ.Мәми ТМД байқаушылары Миссия штабының басшысы Е.Слободамен кездесті

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Мәми ТМД байқаушылары Миссия штабының басшысы Евгений Слободамен кездесті.

Кездесу барысында ТМД Штабының сайлау процесіне мониторинг жүргізу жөніндегі қызметі, сондай-ақ алдағы кезектен тыс президенттік сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Бас прокурор, Е.Слободаны прокуратура органдарының сайлау кезеңінде жүргізіп жатқан жұмысы, оның ішінде сайлау заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қарау мен оларды болдырмау бойынша қолданып отырған шаралары туралы ақпараттандырды. Атап айтқанда, бүгінгі күні сайлауға қатысты мәселелер бойынша әртүрлі мемлекеттік органдарға 534 өтініш келіп түсті, олардың тек 52-сі сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты болды. Барлық шағымдар бойынша уақытылы тексерулер жүргізіліп, заңдылықты бұзуды болдырмауға бағытталған шаралар қолданылды.

Миссия штабының басшысы Е.Слобода өз сөзінде, сайлау барысын бақылау ашық және әділетті жүргізіліп жатқанын, ал барлық қорытындылар тек анықталған фактілерге негізделетінін атап өтті. Ол Бас прокурордың сайлау процесі тыныш, әрі өркениетті өтіп жатқандығы туралы ақпаратын растады.

Кездесу нәтижесі бойынша Миссия штабы мен Бас прокуратура, байқаушылардың жергілікті аймақтардағы жұмыстық іс-сапарлары, сондай-ақ сайлау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша ақпаратпен тұрақты, уақытылы және толық алмасуды қамтамасыз ету барысында жұмыстық әрекеттесу туралы келісімге келді.