Бас прокурор қатардағы қызметкерлерді тестілеу қажеттігін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас Прокуратура қызметкерлерге өздерін жетілдіруді тапсырды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан семинар-кеңесте ҚР Бас пркурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.

«Бүгін аппараттық кеңесте Бас прокурор тиісті мақсатты жүктеді. Яғни, прокуратураның әрбір басшысы жергілікті жерлерге барып, қатардағы қызметкерлермен кездескен кезде, біздің қызметкерлерді қандай да бір ретте тестілеуі керек екенін айтты. Жаңа кодекстерді қызметкердің тиісті деңгейде білмеуі оның қызметіне кері әсер ететіні анық», - деді ол Қылмыстық атқару кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылақтар туралы кодексінің жаңа моделіне көшу мәселелері бойынша семинар-кеңесте.

Оның сөзіне қарағанда, бәсекеге қабілетті болуы үшін прокуратура қызметкерлері осы тектес семинарларда өз білімдерін шыңдауы тиіс. «Өздеріңізді жетілдірумен айналыспасаңыздар, онда сіздерге прокуратура немесе мемлекеттік орган тарапынан сұраныс та болмауы мүмкін»,-деді Ж. Асанов.