Бас прокурор: Қазақстан түрмелердегі адам саны бойынша әлемде 31-орында
Ізгілендіру және басқа да реформалардың нәтижесінде егемендік жылдары бұл көрсеткіш біршама азайды. 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 31-орынға жылжып, халықаралық рейтингтегі өз позициясын жақсартты.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Түрме орнына - пробация мен электронды білезік» атты тұңғыш халықаралық форумда ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев айтты.
Оның айтуынша, халықаралық стандарттар бойынша 100 мың тұрғынға шамамен 150 қамалған адам болған жағдайда ғана қылмыстық әділдік жүйесі дұрыс ұйымдастырылған деп есептеуге болады.
«Бірақ бізде бостандығы шектелген адамдар саны әлі де болса жоғары - 100 мың адамға 316 сотталғаннан келеді», - деп атап өтті А. Дауылбаев.
Оның атап өтуінше, заңнаманы бұдан әрі ізгілендірудің де әлеуеті шектелді. Түрмелердегі жазасын өтеп жүргендердің 95 пайызы ауыр, аса ауыр және қайталап қылмыс жасағандар екен. «Түрме реформасын» жүргізудің тағы бір маңызды себебі оның экономикалық негізінде жатыр. Статистикалық мәліметтер бойынша, бір қылмыскерді асырау үшін бюджеттен жылына 580 мың теңге жұмсалады.
«Сондықтан «түрме реформасының» қажеттілігі сөзсіз. Ол үшін бірқатар шаралар қолға алынуы қажет. Бірақ осының негізгі жолы - электрондық бақылау жүйесімен бекітілген пробацияны жаппай енгізу деп айтуға болады», - деп атап өтті Бас прокурор.
Жиналыста Қазақстандағы пробация қызметінің қалыптасуымен, электрондық мониторингті енгізумен, қамауға алудың балама жазалау түрлерін пайдалану практикаларын кеңейтумен байланысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Жыл сайын өткізілуі жоспарланып отырған форумға қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, ұсынылған қадамдар қайталанатын қылмыстарды ескерту жөніндегі шаралардың тиімділігін қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын үнемдеуге, жазаны өтеу процесін неғұрлым тиімді етуге бағытталған.