Бас прокурор: Қазіргі статистика баяғыдай өтірік емес

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы үш жылдың ішінде құқық қорғау органдарының 53 қызметкері жалған статистика үшін сотталды. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл - тоғызыншы рақымшылық. «Жиі жасап жатқан жоқпыз ба?» дегенді естіп жатырмыз. Жалпы, рақымшылық баяғыдан келе жатқан тәжірибе. КСРО тарихында 22 рет болған. 1992 жылдан бері Ресейде - 18, Беларусьте -14, Украина мен Қырғызстанда жыл сайын деуге болады. ТМД елдерінің ішінде рақымшылық ең аз өткен ел - ол Қазақстан, яғни сегіз мәрте болды. Соңғысы бес жыл бұрын жүзеге асырылды»,-деп нақтылады Бас прокурор.

Асанов елімізде жиырма бес жылдағы қылмыс динамикасына қысқаша тоқталып өтті.

«Сталиндік репрессиядан еліміз аумағына біраз колониялар қалды. Бұнда бүкіл одақтан 100 мыңнан астам адам отырды. Босағаннан кейін көбісі Қазақстанда қоныстанды. Бұл да қылмыстық ахуалға үлкен әсер етті. Сол кезде Елбасымыз құқық қорғау жүйесін бақылауға алып, қызметін өзі үйлестіріп отырды. Нәтижесінде, жағдай жақсара бастады. Осы оңды өзгеріс жиырма жыл қатарынан жалғасып келеді»,-деді ол.

Оның айтуынша, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық жасау сияқты аса қауіпті қылмыстар 20 жыл қатарынан азайып келеді. Әлемде қоғам қауіпсіздігі тап осы қылмыс түрлерімен бағаланады. 1996 жылы 2 625 кісі өлтіру болса, 2016 жылы 3,5 есеге аз болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру үш есеге, яғни 6 мыңнан 2 мыңға дейін қысқарды. Қарақшылық бес есеге азайды.

«Қазіргі статистика баяғыдай өтірік емес, бұрын қылмысты жасырған сөгіспен құтылатын. Ал енді заң қатайып, соңғы үш жылдың ішінде құқық қорғау органдарының 53 қызметкері жалған статистика үшін түрмеге тоғытылды»,-деді Ж. Асанов.

Жалпы отырыстағы талқылаулардан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады.