Мәжілістің жалпы отырысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына ауызша жауап берген ҚР Бас прокуроры Берік Асылов қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдарының жекелеген басшыларының іс-әрекеттерін құқықтық бағалау бойынша мәлімет берді.
«5 қаңтарда Алматы қаласындағы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 2 полиция департаменті мен ҰҚК-нің 3 департаменті өз ғимараттарын, қарумен қоса тастап кеткен. Осы фактілер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша тергеу әрекеттерінің негізгі бөлігі аяқталды.
Алматы қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Мажилов қамауға алынды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдерді жинау және талдау жүргізілуде», -деді Берік Асылов.
Сондай-ақ, Бас прокурор Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығының өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатқанын атап өтті.
«Бұрынғы Қорғаныс министрі қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», - деді ол.