Бас Прокурор ШЫҰ Бас хатшысын сайлау науқанының заңдылығын қамтамасыз ету жайымен хабардар етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас Прокурор Асхат Дауылбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымының Байқаушылар миссиясының басшысы, ШЫҰ-ның Бас хатшысы Дмитрий Мезенцевпен кездесті.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында А.Дауылбаев сұхбаттасушысын прокуратура органдарының конституциялық құзыреттері жөнінде және сайлау науқанының заңдылығын қамтамасыз ету, соның ішінде сайлау заңнамасының бұзушылықтары туралы өтініштерді қарау бойынша жүргізіліп отырған жұмыстар туралы ақпараттандырды. Бұл ретте, сайлау кезеңі тыныш жағдайда және құқықтық алаң шеңберінде өтіп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Бас Прокурор құқық қорғау жүйесін жаңғырту барысы туралы, жаңартылған қылмыстық заңнаманың әрекет ету жағдайындағы құқық қорғау органдарының жұмысы туралы, адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейту жөніндегі шаралар жөнінде айтты.

А.Дауылбаев Д.Мезенцевті ағымдағы жылы Астана қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас прокурорларының кезекті отырысының жұмысына қатысуға шақырды, онда қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру, аймақтағы интеграцияны күшейту және тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланатын болады.

Пікір алмасудан кейін ШЫҰ-ның Бас хатшысы сындарлы сұхбат және мағыналы кездесу үшін ризашылығын білдірді.