Бас прокурор үлескерлерді алдаған Тайжановты сипаттап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов «Азбука жилья» компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжановтың әрекетін сипаттап берді.

Құқықтық қорғау департаментінің басшысы Марат Сексембаевтың сөзіне қарағанда, «Азбука жилья» компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжанов 3 123 адамды алдап кетті, бұл елордада проблемаға тап болған үлескердің жартысы.

Австрияда Е. Тайжанов тұтқындалғанымен, алайда оны елге қайтару жұмыстары ұзаққа созылып отыр.

«Сондықтан негізгі іс бойынша тергеу амалдары әзірге тоқтап тұр.Әрине, Тайжанов бұл қылмысты өзі жалғыз жасаған жоқ», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бұл іске байланысты жеке тоқталды.

«Құрметті депутаттар, көптеген қылмыстық істерді біз соңына дейін жеткізбей жатырмыз деп сынға алып жатасыздар. Тайжановқа қатысты оқиға нағыз сорақылық. Осы адамның кінәсін дәлелдеу үшін 900 том жинадық, бұл өз кезегінде 16 мың парақ құжатқа тең. Осыған полиция мен прокуратура көп күш жұмсады. Жүздеген сараптамалар қамтылды», - деді Ж. Асанов.

Осы ретте ол Е. Тайжановты кәдімгі қылмыскер, алаяқ адам деп сипаттады. «Егер бұл қаржыны долларға шақсақ, 42 млн долларды жымқырып, Австрияда бой тасалады. Ол қазір бұл елде үйқамақта отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда және нәтиже болғанда хабарын береміз», - деді Бас прокурор.