Бас прокурор үлескерлік құрылысқа ақша салардан бұрын компаниядан талап етілетін екі құжатты атады
«Бас Прокурор ретінде заңға сүйеніп ескертемін - ақшаны үлескерлік құрылысқа берместен бұрын компаниядан екі құжаттың бірін талап етіңіз: Кепілдік қорымен жасалған шартты немесе әкімдіктің рұқсатын. Бұл құжаттарды өз көзіңізбен көріп, мұқият оқып шығыңыз. Бірақ, олар да жалған болуы мүмкін. Ең дұрысы өзіңіз әкімдікке барып немесе оның ресми сайтынан әкімдіктің рұқсаты немесе Қордың кепілдігі бар ма, жоқ па, соған көз жеткізіңіз. Мұндай құжат бар болса, онда екінші қадам «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа» қол қою. Бірақ, одан бұрын оны да бастан-аяқ оқып шығып, Ұлттық экономика министрі бекіткен (28.07.2016 №345 бұйрық) үлгілік шартпен салыстырыңыз. Шарттың басқа түрлерін жасауға тыйым салынған. Бұрын компаниялар ақша тарту үшін «инвестиция жасау», «бірлескен қатысу», «алдын-ала сату» шарттарын ұсынатын. Енді мұндай құжат түрлері заңсыз. Келісім тек «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт» деп аталуы керек. Бұл өте маңызды. Назар аударыңыз: бұл шарт әкімдікте есепке алынғаннан кейін ғана жасалған және заңды күші бар деп саналады», - деді Асанов.
Бас прокурор шарттың мазмұнында қандай да бір күмәніңіз туса, заңгерден, әкімдіктен сұрап, құқық қорғау органына сауал жіберу қажеттігін, алданып қалмау үшін осылай барынша сауатты қимылдаған жөн екендігін баса айтты.
«Егжей-тегжейлі ақпаратты әкімдіктердің және арнайы ашылған ulesker.kz сайтынан алуға болады. Алаяқтардың көбеюіне өзіміз жағдай жасамайық, қадірлі азаматтар! Құқық қорғау органдарына - тұрғын үй саламыз деп, халықтан заңсыз ақша жинаудың әрбір фактісі бойынша дереу қылмыстық қудалауды бастаңыздар», - деді ол.
Айта кетейік, Бас прокурор бұл үндеуін «Прокуратура туралы» Заңның 25-2 бабын басшылыққа ала отырып жасады.