Бас прокурор: Жалақы кешіктірілгені үшін кәсіпорынды емес, басшыны жазалау керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау үшін заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды.

«Еңбек қатынастары. Бүгінде 8 мың 400 жұмысшы жалақыларын ала алмай отыр. Қарыз 1,7 млрд. теңге. Олардың жанұялары қиын жағдайда қалып отыр. Қарыздың басым бөлігі Ақмола, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында. Прокурорлар бұл мәселеден тыс қалып отырған жоқ. Жұмысберушілермен бірге оны шешудің жолдарын қарастыруда. Бірақ, бізге нәтиже керек», - деді ол бүгін Бас прокуратураның жартыжылдың қорытындысын шығару кезінде.

Мысалы, «Гефест» ЖШС прокуратура араласуынан кейін өз өнімдерін сатып алатын тұтынушыны тапты, осылайша барлық пайда жалақы төлеуге бағытталды. Мыңнан астам жұмысшы 160 млн. теңге жалақыларын алды.

«Қарыздың қисынды себептері де болатын кездер аз емес. Дағдарыс, өндірістің төмендеуі. Дегенмен, берешектің төрттен бірі жұмыс берушілердің кесірінен орын алатыны анықталды. Ақша оларда болды, бірақ басқаға шығындап жіберген. Ол үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауапкершілік бар. Осыны реттеп алайық. Кәсіпорынға әкімшілік тәртіп бойынша айыппұл салынады, ал оның өзінде жалақы бойынша қарызы бастан асады. Нәтижесінде, айыппұлды жалақыдан бұрын өтеп тастайды. Бірақ жазаны кәсіпорынға емес, басшыға қолдану керек қой. Әкімшілік заңбұзушылықтар туралы кодекске осыны енгізу қажет. Біз оны бастама етіп көтереміз», - деді Ж.Асанов.