Бас прокурор жаңадан тайындалған Мусинге тапсырмалар жүктеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов жақында Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған Бағдат Мусинге бірқатар тапсырмаларды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Істерді қағазбен жүргізу өткен ғасырға тиесілі. Қағазбен жүргізілетін шараларды қадағалау мүмкін емес. Сондықтан да істердің барлығын сандық форматқа көшіру мақсатын қойып отырмыз. Бізде бастамалар бар, тиісті жүйе құрылды. Бүгінде енгізіп жатқандардың барлығы теңізге түскен тамшы іспеттес. Әзірге ұрылар мен адам өлтіргенді қудалап жүргенде, АҚШ-тағы технологиялар жасалатын қылмыстың уақыты мен орнын болжай алады»,-деп тоқталды Асанов.

Осы орайда Бас прокурор қарамағындағы комитеттің жаңа басшысынан үлкен жұмыстар күтетінін атап өтті.

«Бағдат Батырбекұлы, бұл сіздің басты мақсатыңыз. Осыны жүзеге асырсаңыз, өмір бойы кеудеңізді мақтаныш кернейді. Сондықтан да сізге үміт артып отырмын. Сіз «Қазпоштада» айтарлықтай елеулі істер атқардыңыз, алайда осындағы жұмыстардың ауқымы кеңірек. Атқарылатын шаралардың барлығы ашық бола түссе, қызметін теріс пайдалану жағдайларына және басқа да құқық бұзушылықтарға жол берілмейді», - деп нақтылады Бас прокурор.

Айта кетейік, 25 қаңтарда Мемлекет басшысының Өкімімен Бағдат Батырбекұлы Мусин Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған болатын.
Бағдат Мусин 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысында дүниеге келді. Сүлеймен Демирел атындағы университетті және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген.