Бас прокурордың орынбасары Нығматулиндердің үстінен қозғалған іске қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Нығматулиндердің үстінен қозғалған іске қатысты түсініктеме берді.
- Нұржан Нұрланұлы мен Ерлан Зайроллаұлына қатысты шағым түсті. Қазір біз оны қарастырып жатырмыз. Қандай да бір жайтты айтуға әлі ерте, - деді ол Сенатта БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, прокуратура органдары Арғын Нығматулиннің үстінен Қарағанды облысында хоккей клубына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша іс қозғаған.
- Оған халықаралық іздеу жарияланған. Тұрғылықты жерін анықтағаннан кейін экстрадациялау мәселесі қабылданады, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Бұған дейін Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы Арғын Зайроллаұлына іздеу жарияланғанын хабарлаған едік.
Күдіктінің кінәсі анықталса, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал Нұржан Нұрлановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.