Бас прокурордың Кубогы Бас прокуратураның командасының құрамасына бұйырды

None
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Бүгін Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда мини-футболдан ҚР Бас Прокурорының Кубогы үшін прокуратура органдарының арасындағы турнирдің ақтық ойыны және жабылу рәсімі өтті.

Бас прокурордың Кубогы тұңғыш рет өткізіліп отыр, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның мақсаты - прокуратура қызметкерлерінің арасында спортты және салауатты өмір салтын насихаттау.

Өңірлерде өткізілген іріктеу ойындарының қорытындысы бойынша ақтық кезеңге Атырау, Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарының құрамалары, сондай-ақ Алматы прокуратурасы мен Бас прокуратураның командалары шықты.

Ал бүгін Астанада өткен шешуші кездесуде Бас прокуратура командасы жеңіске жетті. Ал екінші орынды - Қарағанды облыстық прокуратурасының командасы қанжығаласа, үшінші орынды - Алматы қаласының прокурорлары қанағат тұтты.

Чемпионаттың жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Бас прокурор Қайрат Мәми, турнирдің Ата заңымыздың 15 жылдығына арналғанын атап көрсетті және прокуратура органдарының барлық қызметкерлерін чемпионаттың аяқталуымен және келе жатқан мерекемен құттықтады.