Бас прокурордың орынбасарына пышақ өтпейтін нанды сатып жіберген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің бүгінгі отырысында Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко дүкеннен қап-қатты нанды қалай сатып алғанын айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кравченконың айтуынша, кәсіпкерлердің құқығын қорғау қажет, бірақ олардың міндеттерін де естен шығармаған жөн.

«Кеше ғана менімен бірге тұратын қария бір өнімді алды. Сөйтсе, оны өткен жылы өндірген. Қарт адамның көзі көрмесе де, мен анық көріп отырмын ғой. Осыдан бір жарым ай бұрын мен өзім дүкеннен нан сатып алдым. Оның қаттылығы сондай, пышақпен де кесе алмадым. Сонда бұл нанды оп-оңай сата салды. Мен таңғалдым. Кәсіпкерлер жауапкершілікті сезбей ме? Сол сияқты жеміс-жидектің де сапасы сын көтермейді. Астананың маңдайалды сауда орталығы болып саналатын жерлерде көгеріп кеткен жеміс-жидекті сатады. Масқара ғой! Мен осыны ылғи ойлаймын. Қалай өзі? Қызмет көрсету сапасы қайда? Іріп кеткен сүт, ірімшік... Мейрамxаналар мен дәмxаналарда кір өңезденіп кеткен, темекінің иісі сіңіп кеткен бөлмелер, кинотеатрдағы күл-қоқыс... Отырғың келмей кетеді. Қонақ үйлер, такси және тағы басқа қоғамдық орындардың қызмет көрсету сапасын айта берсең, проблеманың ұшы-қиыры көрінбейді», - дейді Бас прокурордың орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің құқығын қорғаумен қатар тұтынушылардың құқығын да ұмытпау қажет. Осы орайда Кравченко мемлекеттік органдар тауар мен қызмет көрсету сапасын тексеріп үлгермесе, жеке меншік аудиторларға жол беру керек деп санайды.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында  Бас прокуратура ақылға сыймайтын кейбір тексерістерді жариялады. Прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаевтың айтуынша, жергілікті жерде кәсіпкерледі тексеретін органдар ойына келгенді істеп, орындауға мүлдем келмейтін талаптарды қойып жүр. Ал "Атамекен" палатасы кәсіпкерлерге қатысты мыңдаған талаптардың қысқартылғанын мәлімдеді.