12:47, 07 Мамыр 2009
Бас прокурорға БАҚ-ты тоқтату құқығын беру қоғам дамуына үлкен кедергі болуы мүмкін ? Қ. Сәдуақасов
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бас прокурорға БАҚ-ты тоқтату құқығын беру қоғам дамуына үлкен кедергі болуы мүмкін.
Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша журналистерге түсінік берген депутат Қайрат Сәдуақасов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған заң жобасына қатысты түрлі пікірталастардың орын алғанына куә болдық. Қоғамда осылайша сындарлы диалогтар туып жатқанда БАҚ-қа қатысты маңызды шешімнің қолданыстағы жағдайда құқықтық алаңда заңды сақтап әрекет ететін, баспасөзге зияны тимейтіндей болуын көздедік. Сонымен бірге бұл тұрғыда мемлекеттік мүдделер де есепке алынады деп ойлаймын. Өйткені сот билігі - әділ шешімді қабылдайтын соңғы саты. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдерінің өтінішітерін ескеріп, «БАҚ туралы» заңның 13-бабына Үкімет ұсынған өзгерістермен келіспей отырмыз. Үкіметтік жоба бойынша Бас прокурорға сот шешімінсіз ақпарат құралының кез келген түрін үш тәулікке тоқтатып қою құқығын беру көзделген болатын. Алайда, Бас прокурорға берілетін бұндай құқық жаңа дамып келе жатқан мемлекетіміз үшін, ашық қоғам құрудағы ынтамыз бен БАҚ-ты дамыту үшін үлкен кедергі болуы мүмкін деген оймен бұны жөнсіз деп таптық. Депутаттар тарапынан жасалған ұсыныс қабылданатын болса, «БАҚ туралы» заңда бұрынғы жағдай сақталады. БАҚ қызметіне еш кедергі болмайды, тек заң бұзған және заңсыз ақпарат таратқан жағдайда олардың қызметі меншік иелері тарапынан немесе сот арқылы ғана тоқтатылатын болады», - деді Қ. Сәдуақасов.
Депутаттың айтуынша, заң күшіне енген жағдайда прокуратура өкілі заңды бұзған ақпарат құралын жауапқа тарту туралы сотқа жүгіне алады. «Яғни ешқандай прокурордың БАҚ-ты тоқтатуға немесе жабуға құқығы болмайды, ондай құқық бұған дейін де болмаған», - деді ол.