Бас редакторлар клубы алдағы сайлауға орай әлеуметтік сауалнамаға тапсырыс берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас редакторлар клубы алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауына exit-poll зерттеуіне тапсырыс берді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Бас редакторлар клубы Қазақстанның 200-ден астам БАҚ басшылары мен бас редакторлары кіретін қоғамдық бірлестік ретінде сайлау науқанына қатысуды маңызды деп санайды және сайлау күні экзит-полл әлеуметтік зерттеуін жүргізуге тапсырыс берді.

«Өздеріңіз де білесіздер, Қазақстандағы бірқатар сайлауларда бұндай тәжірибе қалыптасқан. Сондықтан Бас редакторлар клубы осындай тапсырыс беріп отыр. Жалпы, бұл зерттеулер сайлаудың айқындылығын артады»,-деді аталған клубтың президенті Бибігүл Жексенбай.

Атап айтқанда бұл зерттеуді «Медиа Консул» әлеуметтік агенттігі жүргізеді. 20 наурызда сайлау барысында облыс орталықтарында, шағын қалалар мен ауылдық округтерде 225-ке жуық дауыс беру учаскесінде сауалнама жүргізіледі. Сауалнаманы өткізуге 250-ге жуық сұхбат алушы жұмылдырылмақ, сондай-ақ олардың жұмысын 16 өңірлік менеджер үйлестіреді.